Алматы қаласындағы діни конфессиялар лидерлері клубының кезекті отырысы өтті

2017 жылы Алматы қаласының әкімдігі Дін істер басқармасының басшысы Есенбеков Айдар Рахымжанұлының бастамасымен «Діни конфессиялар лидерлері клубы» құрылған болатын. Клубтың жетекшісі ретінде профессор, заң ғылымдарының кандидаты әрі «ҚР лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Бишманов Кәкімжан Мұратжанұлы тағайындалды.

Клубтың құрылғанына бір жол болғанына қарамастан, бірнеше маңызды шараларды өткізді. Бір жыл көлемінде әр түрлі конфессиялар лидерлері бас қосып, Қарағайлы паркіндегі 30-жылдары ашаршылық пен репрессия құрбандарына орнатқан ескерткішке гүл шоқтарын қою, сыбайлас жемқорлықпен күреске арналған отырыс, Евангельдік христиан-баптистердің 100 жылдық мерейтойына орай «Голгоф» шіркеуінде өткен шаралар есте қаларлық болды.

Көктемнің жаңа лебімен осы жылдың 7 мамырында Алматы қаласындағы діни конфессиялар лидерлері клубының кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде клубтың мәртебесін анықтау, жұмыс тобын құру, Жарғы дайындау, клубтың жалпы тұжырымдамасын әзірлеу сияқты сұрақтардан тұрды. Сонымен қатар осы жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, өткерген іс-шаралардың нәтижесін көрсету, әр лидердің көкейінде жүрген сұрақтарды талқылау, пікір алмасу сияқты бейресми түрде өткен іс-шара болды.

Отырыс барысында Овсянников Виктор Григорьевич клубқа мәртебе беруде екі нұсқа ұсынды: қоғамдық қор немесе қоғамдық бірлестік ретінде тіркеу. Евангельдік христиан-баптистердің лидері, шіркеудің аға пресвитері Лубошников Алексей Викторович, Орыс православ шіркеуі Вознесенск соборының священнигі Громов Кирилл қоғамдық бірлестік ретінде ашқан дұрыс екенін, бірлестік ретінде конфессия аралық толеранттылықты қорғауға жол ашылатындығы және бірлестіктің жұмысы клубқа сай келетінін мақұлдады. Қалған лидерлер де бір ауыздан бұл оймен келісті.

Келесі бір мәселе, клубтың мүшелерін бірегейлендіру үшін үш мәртебе беру ойы ортаға салынды. Үш мәртебе ретінде мүшелер, өкілдер және қатысушылар деп бөле отырып, әр адамның өз орнын анықтауын жеңілдететіндігі жөнінде сөз қозғалды. Бұл ұсынысты әрі қарай жетілдіріп, бір нәтижеге келу үшін 3-4 адамнан тұратын комиссия құрылды. Комиссия мүшесіне Бишманов Кәкімжан Мұратжанұлы, Овсянников Виктор Григорьевич, Суворов Александр Анатольевич және Лубошников Алексей Викторович сайланды.

Сонымен қатар Виктор Заловский жақында Астана қаласында болатын «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне» орай бастама ретінде Алматы қаласында барлық діни ұйымдардың форумын өткізуді ұсынды. Басқа ұйымның лидерлері де бұл бастаманы қолдай отырып, форумнан кейін кешке әр діни ұйымның мүшелерінен талантты адамдарды таңдап алып, концерт өткізуді де идея ретінде ұсыныс жасады. Егер осындай шараны өткізетін болсақ, конфессия аралық келісімнің үлгісі ретінде жасалған үлкен жұмыс болатынын сөз етті.

Осыған орай Овсянников Виктор Григорьевич «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне» Алматы қаласының Діни конфессиялар лидердері клубының атынан делегат жіберу, клубтың атынан ораторларды, лидерлерді әр түрлі ассамблеялар мен конференцияларға жіберу мәселесі сөз болды.

Вон буддизм конфессиясының өкілі Алматы қаласында барлық конфессиялардың атрибутикасымен, қасиетті кітабымен, тарихымен таныс болатын және конфессиялар лидерлері бас қоса алатын ғимаратты жалдау туралы ой тастады. Отырыстың соңында 4 адамнан тұратын комиссия, қоғамдық бірлестік ретінде мәртебе беру, осы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Отырыстан кейін пікірлермен алмасу, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау фуршетте өз жалғасын тапты. Клуб мүшелері қойылған сұрақтарға қызығушылықтарын білдіріп, фуршет кезінде де отырыстағы әңгіме қызу талқыланды.

Фуршеттен соң «Израиль мемлекетінің 70 жылдығына» орай дайындалған концертке клубтың лидерлері қатысып, қонақ болып қайтты. Концерт барысында қонақтарға құрмет көрсетіліп, сөз берілді. Клубтың атынан клуб жетекшісі Бишманов Кәкімжан Мұратжанұлы, Орыс православ шіркеуі Вознесенск соборының священнигі Громов Кирилл, Евангельдік христиан-баптистердің лидері, шіркеудің аға пресвитері Лубошников Алексей Викторович өз ізгі тілектерін білдірді. Конфессия аралық келісім, толеранттылық пен зайырлылық бір арада көрініс тауып, нәтижелі өткерген іс-шара болды.

Рысбек Тоғжан

Posted in Новости.