Алматы қаласының діни бірлестіктер басшыларының Клубы мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтпен құттықтап барды

2018 жылдың 21 тамыз күні Алматы қаласының діни бірлестіктер басшыларының Клубы мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айтпен құттықтап барды. Іс-шараға Алматы қаласының Дін істері басқармасының басшысы Есенбеков Айдар Рахымжанұлы мен клуб жетекшісі Бишманов Кәкімжан Мұратжанұлы, сонымен қатар Орыс православ шіркеуі, Евангелдік христиан-баптистер, «Бахаи» қауымы, «Агапе» шіркеуі, Вон буддизм, «Лютеран» шіркеуінің басшылары мен өкілдері қатысты.

Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра — мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Мейрамның алғашқы күні мешітте айт намазы оқылады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып дұға оқиды. Бақилық болған жақындарына арнап Құран бағыштайды. Айт күндері кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айт күндері татуласқан жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізеді.


Мұсылмандар үшін осындай ерекше мейрамда өзге дін өкілдері де Алматы қаласының Орталық мешітіне келіп, құттықтап, өз ізгі ықыластарын білдірді. Алматы қаласының бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлы және мешіт имамдары жылы жүзбен қарсы алып, мешітті таныстырды. Олар да өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарға қанықты. Содан қонақтар мешіт ауласындағы киіз үйге шақырылып, мерекелік дастарханнан дәм татты.
Түрлі дін өкілдерінің осылай бір шаңырақ астына жиналып, бас қосулары еліміздегі әртүрлі дін және ұлт өкілдерінің ынтымақта, бірлікте өмір сүріп жатқанының дәлелі деуге болады.

Posted in Новости.